Ольгин ауылында ерулік

21.12.2019

El irgesin erýlikpen bekmdesek...

21 қараша күні аудан әкімі Н. Дычко өзі бас болып, ауданның атқа мінер азаматтарын қатарына алып, Ольгин ауылына ерулік алып барды. Бұл шара ауылға атпен барумен ерекшеленді.

Ең әуелі ерулік сөзіне тоқталар болсақ: жаңадан көшіп келгендерге ауылдастардың, туыстардың не көршілердің беретін сыбағасы.Бұл - елге ел қосылып, етек-жеңі толысып, іргесі жанға, өрісі малға толып жатқан ауылдардың берекесінің қаймағы боларлықтай асыл ғұрыптарымыздың бір айғағы. Жат ел, бөгде қонысты жайлаған жұрт жаңа көшіп келген жерінен жатсынбасын, отырақты елмен ауылы аралас, қойы қоралас болып, тонның ішкі бауындай жарасымды да ынтымақты болып, ортасына тез сіңіп кетсін деген ниеттен туған бекзаттықтың тағы бір көрінісі болса керек.

Аудан басшысы бастаған аттылар шеруі Ольгин ауылынан 14 шақырымдай қашықтықтағы Ольхоп ауылына барған соң темір тұлпарларын қалдырып, ауыздығымен алысқан қылқұйрықтарды тізгіндеді. Қазақ: «Ат жалында бесті қымыздың буы бар» деп бекер айтпаса керек, ауыздықты қарш-қарш шайнаған Қамбар ата түлігі делебемізді қоздырып, ұлпа қардың үстінде қайықтай жүзді дерсің! Тұяғынан ақ шаң көтеріліп көсіле шапқанда мінген жанды сүйсіндіріп, тақымының қышуын бір қандырды. Сонымен қоса, атқа мінген атпал азаматтар қолдарына Ұлы даланың, Рухани жаңғырудың, Павлодар облысының, ауыл шаруашылығы бөлімінің жалауын алып, желмен бірге желбіретті. Соның ішінде, сүліктей қара тұлпарды тізгіндеген Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Тауасқан қолына көк ту алып, аттылар тобын бастап жүрді. Мінген аты қамыс құлақ, қоян жақ, бота тірсек, бөкен қабақты нағыз ердің аты екен. Қолтығы жазыла шауып, көк тудың көркін асырды.

Ал алыстан ат терлетіп ауылға жеткенде, қазақи киімдер киген ауыл тұрғындары қонақтардың алдынан шығып, қолтықтап аттан түсірді. Әуелі шашу шашылып, қазақи жосын бойынша қонақтармен төс түйістіріп амандасқан жергілікті тұрғындар, қазақи болымыстың қандай дегдар екендігін көрсетті.

Ауылдық мәдениет үйінің мерекелік залында ауыл тұрғындары дайындаған концерттік бағдарламалар орындалып, аудан әкімі өзінің ерулікке ала барған оюлы шапанын ауыл ақсақалы Тағынбек қарияға жапты. Сонымен қатар, жуырда ғана Малайзия мемлекетіне барып, алысқа секіруден Азия бойынша 3-орынды иеленген, Ольгин мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 54 жастағы Лаптева Светлана Викторовнаға Алғыс хат табыстаумен қатар, дене шынықтыруға арналған қымбат бағалы құрылғыны табыстады.

Ал қонақасы берілгеннен кейін ауыл тұрғындары белағаш үстінде бір-бірін мақта салынған қалтамен ұрып құлату, отырып күш сынасу сынды қызықты спорттық ойындар ойнады.

«Көлге көл қосылса, көбейіп теңіз болады, Елге ел қосылса, береке-бірлікке негіз болады» демекші, ортамызды толтырып, берекесі мен салт-дәстүрін, ырызғысын ала келген қандас ағайындарға осылайша салт бойынша сәлемдесіп, жоралғы бойынша жол жасап қайттық.


Виртуалды жолбасшы

  • image01
    Аудандық фотогалерея. Көру
  • image02
    Аудандық фотогалерея. Көру
  • image03
    Аудандық фотогалерея. Көру
  • image04
    Аудандық фотогалерея. Көру

Телефон доверия

WhatsApp